Мектеп математикасын оқытуда кейс әдісін қолданудың әдістемелік ерекшеліктері
Abstract
Алғышарттар мен мақсат. Қазіргі білім беру жүйесі оқушылардың функционалдық сауаттылығын, аналитикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған. Осыған байланысты мектеп математикасын оқытуда теорияны өмірлік жағдаяттармен байланыстыратын тиімді педагогикалық технологияларды енгізу қажеттілігі туындайды. Зерттеудің мақсаты – мектеп математикасын оқытуда кейс әдісін қолданудың әдістемелік ерекшеліктерін айқындау және оның оқушылардың математикалық түсінуіне әсерін бағалау. Материалдар мен әдістері. Зерттеу Шымкент қаласындағы жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушылары арасында жүргізілді (52 оқушы). Эксперименттік топта кейс-әдіс, бақылау тобында дәстүрлі оқыту қолданылды. Зерттеу барысында сызықтық теңдеулер, пайыз және қозғалысқа байланысты есептер тақырыптары қамтылды. Диагностикалық жұмыстар, бақылау тесттері және сауалнама әдістері пайдаланылды. Нәтижелері. Эксперимент нәтижесінде эксперименттік топтың білім көрсеткіші 64%-дан 82%-ға дейін өсті, ал бақылау тобында өсім 72%-ға дейін ғана байқалды. Оқушылардың математикалық модель құру, дәлелдеу және бірнеше тәсілмен шешу дағдылары айтарлықтай артты. Оқушылардың 78%-ы сабақтың өмірмен байланысын түсінгенін көрсетті. Кейс әдісін жүйелі қолдану оқушылардың математикалық модельдеу біліктерін қалыптастыру мен жетілдіруге оң әсер ететіні айқындалды. Оқу барысында нақты өмірлік жағдаяттарды талдау, мәселені математикалық тілге көшіру және алынған нәтижені түсіндіру қабілеттері едәуір дамыды. Бұл тәсіл оқушылардың теориялық білімді практикалық міндеттерді шешуде қолдану деңгейін арттырып, олардың функционалдық сауаттылығы мен логикалық ойлау белсенділігінің өсуіне ықпал етті. Қорытынды. Кейс әдісі мектеп математикасын оқытуда оқушылардың математикалық түсінуін тереңдететін, зерттеушілік және коммуникативтік дағдыларын дамытатын тиімді педагогикалық технология болып табылады. Бұл әдіс оқушыны оқушы пассивті білім қабылдаушыдан белсенді білім жасаушыға айналады және заманауи білім беру талаптарына сәйкес келеді. Аталған нәтижелердің педагогикалық маңызы – оқытуды дайын білімді меңгертуден тәжірибелік әрекетке негізделген танымдық үдеріске көшіруінде. Мұнда оқушылар мәселені талдап, болжам жасап, математикалық модель құрып, нәтижесін түсіндіру кезеңдерінен өтеді, соның нәтижесінде білім саналы түрде қалыптасады және оны жаңа жағдаяттарда қолдану қабілеті дамиды. Бұл оқу мотивациясының артуына және функционалдық сауаттылықтың қалыптасуына ықпал етеді. Теориялық тұрғыдан қорытындылар конструктивті және әрекеттік тәсілдердің тиімділігін дәлелдеді. Математикалық модельдеуді кезең-кезеңімен ұйымдастыру мектеп математикасында теория мен практиканы байланыстыратын әдістемелік негіз бола алатынын көрсетеді.
Fields of Study & Subjects
Mathematics Education and Pedagogy
Mathematics Education and Teaching Techniques
Educational methodologies and cognitive development
Publication details
- Journal / source
- Zenodo (CERN European Organization for Nuclear Research)
- Publication date
- 24 February 2026
- Language
- KK